Бибісара Асаубаева Cairns Cup 2026 турнирінде алғашқы жеңісіне қол жеткізді

Али Асетов··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева АҚШ-тың Сент-Луис қаласында өтіп жатқан Cairns Cup 2026 халықаралық турнирінде алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

Төртінші турда Асаубаева ақ тастармен Швейцария атынан өнер көрсететін, бұрынғы әлем чемпионы Александра Костенюкке қарсы ойнады. Қазақстандық шахматшы қарсыласын 23 жүрістің өзінде жеңіп, жеңіске жетті. Костенюк партияны жалғастырудан бас тартып, жеңілгенін мойындады.

Бұған дейін Асаубаева үш партиясын тең аяқтаған. Алғашқы турларда ол украиналық Анна Музичук, Үндістан өкілі Рамешбабу Вайшали және америкалық Элис Лимен тең түсті.

Келесі, бесінші турда, Асаубаева қара тастармен тағы бір үндістандық шахматшы — гроссмейстер Дивья Дешмухке қарсы ойнайды.

Айта кетейік, Cairns Cup 2026 айналмалы жүйе бойынша өтуде. Турнирге барлығы 10 шахматшы қатысып жатыр.