Бибісара Асаубаева Cairns Cup 2026 турнирін тең нәтижемен бастады: алда тағы сегіз партия бар

Фото: ФИДЕ
Сент-Луисте әйелдер арасындағы Cairns Cup 2026 шахмат супертурнирі басталды. Биыл алтыншы рет ұйымдастырылып отырған жарысқа әлемдік рейтингте бесінші орында тұрған Қазақстан өкілі Бибісара Асаубаева да қатысып жатыр.
Қазақстандық гроссмейстердің алғашқы қарсыласы әлемдік рейтингте жетінші орында тұрған украиналық Анна Музичук болды. Асаубаева партияны қара фигуралармен ойнап, кездесу тең аяқталды. Осылайша қазақстандық шахматшы турнирдегі алғашқы партиясынан жарты ұпай еншіледі.
Алда Бибісараны тағы сегіз партия күтіп тұр. 11 тамызда екінші турда ол Үндістан өкілі Рамешбабу Вайшалимен кездеседі. Ал 12 тамызда америкалық Элис Лиге қарсы ойнайды.
Одан кейін жарыс кестесі одан әрі тығыздай түседі. 13 тамызда Асаубаева грек шахматшысы Ставрула Цолакидумен, ал 14 тамызда Үндістанның ең мықты шахматшыларының бірі Хампи Конерумен тақта басында кездеседі.
Төрт күн қатарынан өткен ойындардан кейін шахматшылар аздаған демалыс алады. 15 тамыз турнирде демалыс күні ретінде белгіленген.
Ұпай үшін күрес 16 тамызда қайта жалғасады. Алтыншы турда Асаубаеваның қарсыласы Қытай өкілі Тань Чжунъи болады. 17 тамызда қазақстандық шахматшы америкалық Карисса Йиппен, ал келесі күні Үндістанның тағы бір өкілі Дивья Дешмухпен ойнайды.
Асаубаева турнирдегі соңғы партиясын 19 тамызда Швейцария атынан өнер көрсететін Александра Костенюкке қарсы өткізеді. Осылайша қазақстандық шахматшы жарыс барысында жеті елдің өкілдерімен жалпы тоғыз партия ойнайды.
Cairns Cup дәстүрлі түрде әлемдегі ең мықты шахматшыларды жинайтын беделді турнирлердің бірі саналады. Биыл жарыстың жалпы жүлде қоры 250 мың долларды құрайды.
Алғашқы турда тең нәтиже көрсеткен Бибісара Асаубаеваны алда ұзақ әрі тартысты турнирлік жол күтіп тұр. Жарыстың әр күнінде оны әлемдік шахматтағы тәжірибелі әрі мықты қарсыластармен кездесу күтіп тұр.