Басты бет
·
Футбол

«Астана» футболшысы Башич Босния құрамасы сапындағы алғашқы голын соқты

Бекарыс Әлімхан··
Фото: БФФ

Фото: БФФ

«Астана» жартылай қорғаушысы Иван Башич Босния және Герцеговина құрамасына Польшаға қарсы Ұлттар лигасының төртінші турында жеңіс әкелген голды соқты. Кездесу 1:0 есебімен аяқталды.

Башич матчты негізгі құрамда бастап, ойын соңына дейін алаңда болды. 84-минутта VAR жүйесіндегі қайталауды көргеннен кейін төреші Ян Беднаректің қолмен ойнағанын анықтап, пенальти белгіледі. «Астана» футболшысы 11 метрлік айып добын дәл орындап, есепті ашты. 24 жастағы жартылай қорғаушы үшін бұл Босния және Герцеговинаның негізгі құрамасындағы алғашқы голы болды.

FlashScore мәліметінше, Башичке 7,9 деген баға беріліп, ол матчтың үздік ойыншысы атанды. Қазақстан Премьер-лигасының қазіргі маусымында босниялық футболшы «Астана» сапында 18 матч өткізіп, төрт гол соғып, екі нәтижелі пас берген.

Бұл жеңіс Босния және Герцеговина құрамасына төрт турдан кейін сегіз ұпай жинауға мүмкіндік берді. Сергей Барбарез шәкірттері B4 тобында екінші орында тұр және көш бастап келе жатқан Швециядан екі ұпайға қалып келеді. Польша төрт ұпаймен үшінші орында болса, Румынияның әзірге ұпайы жоқ.

Босния құрамасы келесі матчын 14 қарашада сырт алаңда Швецияға қарсы өткізеді. Ал топтық кезеңдегі соңғы кездесуін 17 қарашада Румынияға қарсы өз алаңында өткізеді.

«Астана» футболшысы Башич Босния құрамасы сапындағы алғашқы голын соқты – sport-hub