Астанада 2027 жылы мәнерлеп сырғанаудан Төрт құрлық чемпионаты өтеді

Бегасыл Амирбай ··
Фото: ISU

Фото: ISU

Халықаралық конькишілер одағы (ISU) 2027 жылғы мәнерлеп сырғанаудан Төрт құрлық чемпионатын өткізу құқығын Астана қаласына берді. Қазақстан тарихында алғаш рет мұндай деңгейдегі жарысты қабылдайды.

Беделді турнир 2027 жылдың 9-15 ақпаны аралығында өтеді. Төрт құрлық чемпионатына Солтүстік және Оңтүстік Америка, Азия, Африка және Мұхит аралы елдерінің спортшылары қатысады.

Алдағы жарыс туралы Қазақстан құрамасының көшбасшысы Михаил Шайдоров пікір білдірді.

«Астана – Қазақстанның елордасы. Жыл сайын мұнда әлемнің жоғары деңгейдегі мемлекет басшылары келеді, түрлі іскерлік, спорттық және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады. ISU чемпионаты Астананың ғана емес, бүкіл Қазақстанның тарихындағы жаңа жарқын белес болады.

Бұл өзіндік тарихы, ерекше сәулеті мен көрікті орындары бар заманауи әрі әсем қала. Оның келбеті Қазақстанның бай мәдениетін айқын көрсетеді. Алдағы маусымға тыңғылықты дайындаламын және ISU Төрт құрлық чемпионаты жанкүйерлерге ұмытылмас әсер сыйлап, олардың жадында ұзақ сақталады деп сенемін», – деді Шайдоров.

Айта кетейік, ерлер арасындағы жекелей сында 2026 жылғы Төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы жапониялық Као Миура атанса, әйелдер арасында оның отандасы Юна Аоки топ жарды.

Жұптық сында Алиса Ефимова мен Миша Митрофанов алтын медаль жеңіп алса, мұздағы билеу бағдарламасында Эмилия Зингас пен Вадим Колесник жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.