«Аякстың» үздік сұрмергені ПСЖ-мен келіссөздер жүргізіп жатқанын растады

«Аякс» ФК
«Аякстың» бельгиялық қанат шабуылшысы Мика Годтс ПСЖ-мен келіссөздер жүргізіліп жатқанын растады.
Париждік клуб 21 жастағы бельгиялық футболшының трансфері бойынша тамыз айының басынан бері жұмыс істеп келеді.
«Мен «Аякс» сапында ойнағаныма қуаныштымын. Иә, ПСЖ-мен келіссөздер жалғасып жатыр. Қазір мен осындамын және бар күшімді салып жүрмін», – деп келтіреді Годтстың сөзін журналист Фабрицио Романо.
Бұған дейін париждіктер «Аяксқа» 40 млн еуродан жоғары ресми ұсыныс жасаған. Бонустарды қоса есептегенде трансфер құны шамамен 45 млн еуроға жетуі мүмкін еді. Алайда амстердамдық клуб бұл ұсынысты қабылдамады. Сонымен қатар Годтс ПСЖ-мен жеке келісімшарт талаптарын алдын ала келістіріп қойған.
Өткен маусымда Годтс «Аякстың» үздік сұрмергені атанып, Нидерланд чемпионатында 17 гол соқты. Оның амстердамдық клубпен қазіргі келісімшарты 2029 жылдың жазына дейін жарамды.
ПСЖ бельгиялық футболшыны шабуылдың қанаттарын күшейтудің ықтимал нұсқаларының бірі ретінде қарастырып отыр. Париждіктердің Годтсқа деген қызығушылығы «Ливерпуль» көз тігіп отырған Брэдли Барколяның командадан кетуі мүмкін деген ақпарат аясында да сақталып отыр.