Басты бет
·
АО-2026

Ажар Асхат Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды

Али Асетов··
Фото: Нұрғали Жұмағазы

Фото: Нұрғали Жұмағазы

Қазақстан құрамасының дзюдошысы Ажар Асхат Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды.

70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында қазақстандық спортшы жарыс қожайыны Рин Маэдамен кездесті. Жапониялық дзюдошы белдесуді мерзімінен бұрын аяқтап, иппон әдісімен жеңіске жетті. Нәтижесінде Асхат екінші орын алып, күміс медаль иеленді.

Ажардың финалға дейінгі жолы ширек финалдағы жеңістен басталды. Қазақстандық дзюдошы Тайвань өкілі Ляо Юйцзюньді иппон әдісімен жеңді. Ал жартылай финалда моңғолиялық дзюдошы Анужин Уран-Улзийден басым түсіп, жарыстың шешуші кезеңіне жолдама алды.

Қазақстан үшін бұл – қазіргі Азия ойындарындағы дзюдодан алғашқы медаль емес. Бұған дейін күміс жүлдені 48 келіге дейінгі салмақта Абиба Абужакынова және 60 келіге дейінгі салмақта Елдос Сметов жеңіп алған еді. 1 қазанда Қазақстанның дзюдо құрамасы 63 келіге дейінгі салмақта Эсмигүл Куюлованың қоласымен және 81 келіге дейінгі салмақта Адилет Алматтың күмісімен медаль қоржынына тағы екі жүлде қосты.