Бабаян Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметіне негізгі үміткер атанды

Фото: fca.astana
Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құраманың жаңа бас бапкерін іздеуді жалғастырып жатыр. Басымдық әлі де шетелдік мамандарға берілгенімен, отандық бапкерлер арасында негізгі үміткер анықталды, деп хабарлайды AmanVIBE.
Дереккөз мәліметінше, бұл қызметке ең ықтимал кандидат «Астана» клубының бас бапкері Григорий Бабаян. Егер шетелдік маманмен келіссөздер нәтиже бермесе, федерация оның кандидатурасын қарастыруға дайын.
Егер таңдау Бабаянға түссе, ол ұлттық құрамамен жұмысын жақын арадағы оқу-жаттығу жиынында бастай алады. Сондай-ақ қыркүйек айындағы еуропалық турнир аясындағы матчтарда құраманы дәл осы маман бастап шығуы мүмкін.
Бұл тағайындау оның клубтағы қызметіне әсер етпеуі ықтимал. AmanVIBE мәліметінше, бапкердің «Астана» клубындағы жұмысын сақтай отырып, қос қызметті қатар атқару нұсқасы қарастырылып жатыр.
Бұған дейін Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметінен Талгат Байсуфинов кеткен болатын. Оның отставкасы 22 маусымда ресми түрде жарияланып, содан кейін федерация жаңа бапкер іздеуді бастаған еді.
Қазақстан футбол федерациясы жаңа бапкерге қатысты түпкілікті шешімді осы айдың соңына дейін қабылдауды жоспарлап отыр.