«Баффало» ҰХЛ матчында «Рейнджерсті» ойсырата жеңді

Фото: ХК «Баффало Сэйбрз»
«Баффало Сэйбрз» Ұлттық хоккей лигасының (ҰХЛ) тұрақты чемпионатында өз алаңында «Нью-Йорк Рейнджерсті» 5:1 есебімен жеңді.
Баффало (АҚШ). ҰХЛ. Тұрақты чемпионат.
«Баффало Сэйбрз» – «Нью-Йорк Рейнджерс» – 5:1
Шайбалар: Далин (1), Норрис (23), Бенсон (24), Куинн (50), Кулих (52) – Гавриков (40).
Кездесу 26 қарашада Қазақстан уақытымен Баффалодағы «Кибэнк-центр» аренасында өтті.
Алаң иелері матч басталғаннан кейін небәрі 17 секунд өткенде есеп ашты. Команда капитаны Расмус Далин Иржи Кулихтің пасын қабылдап, Юнас Корписало қорғаған қақпаны дәл көздеді.
Екінші кезеңнің басында «Баффало» небәрі 33 секунд ішінде екі шайба соқты.
Алдымен Джош Норрис Джош Доанның пасынан кейін қарсы шабуылды нәтижелі аяқтады. Артынша Зак Бенсон Далиннің соққысынан кейін шайбаның бағытын өзгертіп, есеп айырмасын ұлғайтты.
Екінші үзіліске дейін «Рейнджерс» бір шайбамен жауап қайтарды. 40-минутта ресейлік қорғаушы Владислав Гавриков көк сызықтан соққы жасады. Шайба Райан Маклаудтың таяғына тиіп, бағытын өзгерткеннен кейін Укко-Пекка Луукконен қорғаған қақпаға енді.
Үшінші кезеңде «Баффало» тағы екі шайба соғып, ірі жеңіске қол жеткізді.
50-минутта Джек Куинн мергендігімен көзге түссе, арада екі жарым минут өткенде Иржи Кулих матчтың қорытынды есебін орнатты – 5:1.
Осы жеңістен кейін «Баффало» 25 кездесуде 26 ұпай жинап, Атлантика дивизионында алтыншы орынға жайғасты.
Ал 24 матчта 27 ұпай еншілеген «Рейнджерс» Метрополитен дивизионында үшінші орында тұр.
Келесі ойында «Баффало» 28 қарашада өз алаңында «Питтсбург Пингвинзді» қабылдайды. Ал «Рейнджерс» дәл сол күні сырт алаңда «Чикаго Блэкхокспен» кездеседі.