«Барлық жұлдыз бір-біріне сәйкес келді»: Карими тарихи медальдан кейін пікір білдірді

Фото: Никита Басов
Қазақстандық гимнаст Милад Карими 2026 жылғы Азия ойындарында тұғырдан көрінді.
Спортшы еркін жаттығулар финалында жүлдегер атанып, Қазақстан құрамасына осы спорт түріндегі 32 жылдағы алғашқы медалін сыйлады.
Жарыстан кейін Карими өз эмоциясымен бөлісіп, жүлде үшін күрестің оңай болмағанын атап өтті. Гимнасттың айтуынша, финалда ол жаттығуын жинақы орындап, өнер көрсетуіне қажетті спорттық жігер қоса алды.
«Кез келген медаль қуантады, оның артында орасан зор еңбек жатыр. Күрес оңай болған жоқ. Бүгін біліктілік кезеңіне қарағанда спорттық ашу көбірек болды. Алғашқы күндері бәрі ойдағыдай болмады: күрделі элементтерді орындау жетіспеді, соның салдарынан командалық есепте төртінші орын алдық. Бірақ бүгін барлық жұлдыз бір-біріне сәйкес келді. Бірінші орынға сәл ғана жетпей қалдым, дегенмен өз жұмысымды атқарып, барымды салдым», – деді Карими.
Бұл жүлде Қазақстан үшін 2026 жылғы Азия ойындарындағы спорттық гимнастикадан алғашқы медаль болды. Ал Карими бұған дейін Азия ойындарында тұғырдан көрінбеген еді.
Сонымен қатар оның халықаралық жарыстардағы жүлделер қоржынында әлем чемпионатының медалі бар. 2023 жылы қазақстандық гимнаст еркін жаттығулардан қола жүлдеге ие болған.
Каримидің Азия ойындарындағы жарысы мұнымен аяқталмайды. 25 қыркүйекте гимнаст кермедегі жаттығулардың финалына қатысып, Азия ойындарының тағы бір медалі үшін таласуға мүмкіндік алады.