Басты бет
·
Хоккей

«Барыс» ҚХЛ-дың үздік командалар рейтингінде алты орынға төмендеді

Аружан Талғат··
«Барыс» ХК

«Барыс» ХК

Астаналық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) жаңартылған Күш индексінде үздік ондықтан шығып қалды. Бір апта бұрын алтыншы орында тұрған қазақстандық клуб тұрақты чемпионаттың тоғызыншы аптасынан кейін алты сатыға төмендеді.

ҚХЛ-дың Күш индексі командалардың турнирлік кестедегі орнын емес, қазіргі спорттық бабын көрсетеді. Рейтингті есептеу кезінде матч нәтижелері мен қарсыластардың деңгейі ескеріледі.

Жүйе бойынша негізгі уақытта жеңіске жеткен команда қарсыласының рейтингтік ұпайларының 25 пайызын иеленеді. Ал овертаймда немесе буллит сериясында жеңіске жеткен ұжымға бұл көрсеткіштің жартысы, яғни 12,5 пайызы беріледі.

Осылайша рейтингте жеңістердің саны ғана емес, олардың қаншалықты маңызды екені де есепке алынады. Әсіресе мықты қарсыластарды жеңу және қатарынан бірнеше матчта табысқа жету команданың орнына айтарлықтай әсер етеді.

Еске салайық, 3 қарашада «Барыс» Күш индексінде бірден тоғыз сатыға көтеріліп, 15-орыннан алтыншы орынға жайғасқан болатын.

Алайда Михаил Кравец шәкірттері бұл нәтижені сақтап қала алмады.

Бұған қатарынан үш кездесуде жеңілуі себеп болды. Алдымен астаналықтар «Трактордан» 1:2 есебімен ұтылды. Кейін «Адмиралға» 4:5 есебімен жол берді.

Ал ұзаққа созылған сырт алаңдағы серияның соңғы матчында «Барыс» «Амурдан» 0:2 есебімен жеңіліп, қарсылас қақпасына бірде-бір шайба соға алмады.

Нәтижесінде қазақстандық клуб Күш индексінде алтыншы орыннан 12-орынға төмендеді.

Қазіргі уақытта «Барыс» ҚХЛ тұрақты чемпионатында 24 матч өткізіп, 25 ұпай жинаған.

Ал жаңартылған Күш индексінде Мәскеудің ЦСКА командасы көш бастады. Мәскеулік клуб бірінші орыннан Магнитогорскінің «Металлургін» ығыстырды.

«Барыс» жеңіліс сериясын 12 қарашада тоқтатуға тырысады. Бұл күні Михаил Кравец шәкірттері өз алаңында Владивостоктың «Адмирал» командасын қабылдайды.

Кездесу Астана уақытымен сағат 19:30-да басталады.