«Барыс» «Салават Юлаевқа» қарсы матчқа құрамын жариялады

«Барыс» ХК
Астаналық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) тұрақты чемпионатында «Салават Юлаевқа» қарсы өтетін матчқа қатысатын ойыншылар тізімін жариялады.
Кездесу Уфадағы «Уфа-Аренада» өтеді. Ойын Қазақстан уақытымен сағат 19:00-де басталады.
«Барыстың» қақпасын Андрей Шутов қорғайды. Ал қосалқы қақпашы ретінде Дмитрий Николаев тіркелді.
Бірінші бестікте қорғаушылар Джейк Масси мен Логан Дэй, сондай-ақ шабуылшылар Семен Симонов, Мэйсон Морелли және Тайс Томпсон өнер көрсетеді.
Гарретт Пилон мен Всеволод Логвиннің шабуыл шебінде Джастин Бэйли ойнайды. Сонымен қатар бапкерлер штабы Әлихан Өмірбеков, Аркадий Шестаков, Дінмұхамед Қайыржан, Кирилл Савицкий, Ансар Шайхмедденов және Әлихан Әсетовке сенім артады.
«Барыс» қатарынан үшінші жеңісіне ұмтылады
Михаил Кравец шәкірттері Уфаға екі жеңістен кейін аттанды. Алдымен астаналық клуб «Адмиралды» 4:2 есебімен жеңіп, үш матчқа созылған жеңілістер сериясын тоқтатты.
Одан кейін 15 қарашада Шығыс конференциясының көшбасшысы «Металлургты» 5:4 есебімен ұтты.
Бұл кездесудің басты қаһарманы Джастин Бэйли болды. Америкалық шабуылшы үш шайба соғып, ҚХЛ-дағы алғашқы хет-тригін тіркеді. Сондай-ақ Чейз Приски мен Кирилл Савицкий бір-бір голдан соқты.
Қақпашы Андрей Шутов та команданың жеңісіне үлес қосып, қарсыластың 30 соққысын қайтарды.
Екі жеңістен кейін «Барыс» 26 матчта 29 ұпай жинап, Шығыс конференциясында алтыншы орынға көтерілді.
Айта кетейік, командалар биылғы маусымда 9 қыркүйекте Астанада кездескен. Ол ойында «Барыс» қарсыласын 8:6 есебімен жеңген болатын.