«Бавария» дерби алдында тағы бір ойыншысынан айырылды

Фото: Getty Images
Мюнхендік «Бавария» 31 қазанда Германия чемпионатының сегізінші туры аясында дортмундтық «Боруссиямен» маңызды кездесуге дайындалып жатыр.
Матч қарсаңында бас бапкердің көмекшісі Аарон Данкс команданың кадрлық жағдайы туралы мәлімдеді.
Маманның айтуынша, қақпашы Мануэль Нойер алдағы ойынға дейін жарақатынан айығып үлгермейді. Оның табанындағы ауырсыну әлі де мазалап жүр. Ал жартылай қорғаушы Йозуа Киммихтің алаңға шығуы әзірге белгісіз.
«Мануэль Нойер үшін бұл матчқа қатысуға әлі ерте. Оның табаны әлі ауырып жүр. Йозуа Киммих жеке бағдарлама бойынша екі жаттығу өткізді. Бүгін алғаш рет жалпы топқа қосылады. Осыдан кейін оның жағдайын бағалаймыз», – деді Данкс.
Сондай-ақ бапкер алдағы кездесудің маңыздылығын атап өтіп, команданың ойын жүйесінде айтарлықтай өзгеріс болмайтынын жеткізді.
«Бұл – бүкіл әлем назар аударатын маңызды матч. Бүгін тактикаға басымдық беріп, әр ойыншыға алаңда не істеу керегін түсіндіреміз. Айтарлықтай өзгеріс болмайды. Біз ойынға дайынбыз», – деді маман клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Еске салайық, қазір «Баварияның» бас бапкер міндетін уақытша Аарон Данкс атқарып жүр. 23 қазанда мюнхендік клубтың бас бапкері Венсан Компани «Зебенер Штрассе» жаттығу базасында жаттығу кезінде есінен танып қалған еді. Құлаған сәтте 40 жастағы бельгиялық маман иығын шығарып алған. Оған дейін басы қатты ауырғанын айтқан.
Осы жағдайға байланысты Компани Бундеслиганың өткен турында команданы басқара алмады. Сол кездесуде «Бавария» «Фрайбургті» 3:1 есебімен жеңді.