Бейлек Александровадан басым түсіп, Цинциннатиде Соболенкоға қарсы ойнайды

Фото: Jimmie48
Әлемнің 35-ракеткасы Сара Бейлек Цинциннатиде (АҚШ) өтіп жатқан WTA-1000 санатындағы турнирдің 1/8 финалына шықты. Чехиялық теннисші ресейлік Екатерина Александровадан (WTA рейтингінде 18-орын) басым түсті.
Кездесу 1 сағат 56 минутқа созылып, 4:6, 6:1, 6:2 есебімен Бейлектің пайдасына аяқталды. Чехиялық теннисші бес эйс жасап, бес рет қосарланған қателік жіберді және жеті брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Александрова бір эйс жасап, жеті рет қосарланған қателікке жол берді және екі брейк-пойнтты жүзеге асырды.
Бұл теннисшілердің өзара екінші кездесуі болды. Екі матчта да Бейлек жеңіске жетті. Биыл ақпанда чехиялық спортшы Абу-Дабиде өткен WTA-500 турнирінің финалында ресейлік теннисшіні 7:6 (7:5), 6:1 есебімен жеңген. Бұл Бейлектің WTA деңгейіндегі мансабындағы алғашқы титулы болды.
Төртінші айналымда Бейлек әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенкоға қарсы ойнайды. Беларусь өкілі үшінші айналымда қытайлық Ван Синьюйді 6:1, 6:3 есебімен жеңді. Айта кетейік, Бейлек пен Соболенко бұған дейін өзара кездеспеген.