Соболенко Ван Синьюйді тағы да жеңіп, Цинциннатидегі төртінші айналымға шықты

Фото: Jimmie48
Әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенко Цинциннатиде (АҚШ) өтіп жатқан WTA-1000 санатындағы турнирдің төртінші айналымына шықты. Беларусь теннисшісі қытайлық Ван Синьюйді (WTA рейтингінде 36-орын) жеңді.
Кездесу 54 минутқа созылып, 6:1, 6:3 есебімен Соболенконың пайдасына аяқталды. Беларусь өкілі бес эйс жасап, бір қосарланған қателік жіберді және жеті брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Ван Синьюй екі эйс жасап, бір қосарланған қателікке жол берді. Қытайлық теннисші матч барысында бірде-бір брейк-пойнтқа ие болған жоқ.
Бұл теннисшілердің өзара екінші кездесуі болды. Алғаш рет олар 2022 жылғы Аустралия ашық чемпионатының екінші айналымында кездесті. Сол матчта Соболенко алғашқы сетте 1:6 есебімен жеңілгенімен, кейінгі екі партияда 6:4, 6:2 есебімен басым түсті. Осылайша, өзара кездесулерде Беларусь теннисшісі 2:0 есебімен алда.
1/8 финалда Соболенко Чехия өкілі, әлемнің 35-ракеткасы Сара Бейлекпен кездеседі. Бейлек үшінші айналымда ресейлік Екатерина Александровадан 4:6, 6:1, 6:2 есебімен басым түсті. Бұл теннисшілердің өзара алғашқы кездесуі болмақ.