Гауфф Цинциннатидегі WTA-1000 турнирінде Энн Лиді жеңді

Бегасыл Амирбай ··
Фото: Jimmie48

Фото: Jimmie48

Әлемнің төртінші ракеткасы Кори Гауфф Цинциннатиде (АҚШ) өтіп жатқан WTA-1000 турнирінің 1/8 финалына шықты. Америкалық теннисші отандасы Энн Лиді (WTA рейтингінде 29-орын) жеңді.

Кездесу 1 сағат 36 минутқа созылып, 6:1, 7:6 (7:3) есебімен Гауффтың пайдасына аяқталды. Гауфф алты эйс жасап, алты рет қосарланған қателік жіберді және он брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Энн Ли үш рет эйс жасап, төрт рет қосарланған қателікке жол берді және бес брейк-пойнттың екеуін жүзеге асырды.

Теннисшілер өзара төртінші рет кездесті. Барлық кездесуде Гауфф жеңіске жеткен. Осы турнирге дейін америкалықтар Сюрпрайз қаласындағы ITF W25 турнирінде, Берлиндегі WTA жарысында және Мадридтегі WTA-1000 турнирінде кездескен.

1/8 финалда Гауфф чехиялық Мари Боузкова мен америкалық Ива Йович арасындағы матчтың жеңімпазымен кездеседі.