Бексұлтан Құлмырза Пара Азия ойындарында төртінші алтынды жеңіп алды

Фото: Аян Несипбеков
Қазақстандық спортшы Бексұлтан Құлмырза Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтіп жатқан 2026 жылғы Пара Азия ойындарының чемпионы атанды. Ол пара дзюдодан 81 келіге дейінгі салмақта (J2) алтын медаль иеленді.
20 қазанда өткен финалда отандасымыз Оңтүстік Корея өкілі Ким Донхунмен белдесті. Құлмырза қарсыласын жеңіп, Қазақстан құрамасына төртінші алтын жүлдені сыйлады.
Қыркүйек айында қазақстандық спортшы Грузияның Тбилиси қаласында өткен пара дзюдодан әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алған еді. Сонымен қатар, биыл Тбилисиде өткен Әлем кубогы кезеңінде және Бразилияның Сан-Паулу қаласындағы IBSA Гран-приінде топ жарды.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан қоржынына Еркін Ғаббасов, Давид Дегтярев және Ибраһим Нұрмаханұлы алтын медаль салған болатын. Ғаббасов пара оқ атудан, Дегтярев пара пауэрлифтингтен 54 келіге дейінгі салмақта, ал Нұрмаханұлы пара дзюдодан 70 келіге дейінгі салмақта (J2) чемпион атанды.