Қазақстан дзюдодан Grand Slam турниріне қатысатын құрамды жариялады

Фото: elorda_sport_cluby / Instagram
Қазақстан ерлер құрамасы қазан айының соңында Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Әбу-Дабиде өтетін Grand Slam халықаралық турниріне қатысады.
Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) баспасөз қызметінің мәліметінше, ұлттық құрама сапына жеті спортшы енген.
Қазақстандық дзюдошылар бес салмақ дәрежесінде жүлдеге таласады:
- 60 келіге дейін: Елдос Сметов, Талғат Орынбасар;
- 66 келіге дейін: Ғұсман Қырғызбаев, Ақылжан Жұбатқанов;
- 81 келіге дейін: Жалғас Қайролла;
- 90 келіге дейін: Айдар Арапов;
- 100 келіге дейін: Марат Байқамұров.
Турнирде Елдос Сметовтің өнеріне ерекше назар аударылады. Ол жуырда 2026 жылғы Азия ойындарында 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күміс медаль жеңіп алды. Финалда қазақстандық дзюдошы жапониялық Хаято Кондомен кездесіп, қарсыласына есе жіберді. Жапония өкілі екі «юко» бағасын алып, жеңіске жетті.
Abu Dhabi Grand Slam 2026 турнирі 29–31 қазан аралығында өтеді. Жарияланған мәліметке сәйкес, жарысқа 61 елдің өкілдері қатысатынын растаған. Жалпы, турнирге 415 спортшы тіркелген.