Станислав Шакиев Пара Азия ойындарында қола медаль жеңіп алды

Фото: csp_parasport.kz / Instagram
Қазақстандық спортшы Станислав Шакиев Жапонияда өтіп жатқан 2026 жылғы Пара Азия ойындарында парапауэрлифтингтен қола жүлдегер атанды.
59 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен отандасымыз 181 келі зілтемірді көтеріп, жарысты үшінші орынмен аяқтады.
Нагоядағы жарыста Шакиев бұрынғы нәтижесін жақсартты. Ол 2024 жылы Парижде өткен Паралимпиадада осы салмақта сынға түсіп, 178 келі нәтижесімен жетінші орын алған еді. Бұл жолы қазақстандық спортшы көрсеткішін үш келіге жақсартып, жүлдегерлер қатарына қосылды.
Бұған дейін Давид Дегтярев 54 келіге дейінгі салмақта алтын медаль жеңіп алған болатын. Күміс жүлделерді 41 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Тұрсынай Қабыл мен 45 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Алина Солодухина иеленді. Ал Айжан Берімқұлова 45 келіге дейінгі салмақта қола медаль алды.
2026 жылғы Пара Азия ойындары Жапонияда 18–24 қазан аралығында өтеді. Жарыстар Айти префектурасы мен Нагоя қаласында ұйымдастырылған.