Қазақстан Пара Азия ойындарында үшінші алтын медалін жеңіп алды

ҚР ҰОК
Қазақстандық Ибрагим Нұрмаханұлы Жапонияда өтіп жатқан 2026 жылғы Пара Азия ойындарында парадзюдодан чемпион атанды.
J2 санатындағы 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында отандасымыз өзбекстандық Кемран Нуриллаевтан басым түсті. J2 санатында көру қабілеті бұзылған спортшылар өнер көрсетеді.
Осылайша, Қазақстан құрамасының қоржындағы алтын медаль саны үшке жетті.
Бұған дейін Давид Дегтярев парапауэрлифтингтен 54 келіге дейінгі салмақта чемпион атанған еді. Ол 190 келі зілтемірді көтеріп, Пара Азия ойындарының рекордын жаңартты.
Сондай-ақ Еркін Ғаббасов 10 метр қашықтықтан пневматикалық винтовкамен оқ атудан R1 санатында алтын медаль жеңіп алды. Ол финалда 249,1 ұпай жинады.
2026 жылғы Пара Азия ойындары Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында 18–24 қазан аралығында өтеді.