Бельгиялық клубтың футболшысы қарақшылық шабуылдың құрбаны болды

«Юнион Сент-Жиллуаз» ФК
Бельгиялық «Юнион Сент-Жиллуаз» клубының шабуылшысы Мохаммед Фусейни Брюссельде қарақшылық шабуылға ұшырады.
Бельгия БАҚ-тарының мәліметінше, оқиға күндіз болған. Фусейни көлікте отырған сәтте капюшон киген бес ер адам оны күштеп көліктен шығарып, жеке заттарын тартып алған.
Әртүрлі деректерге сәйкес, қаскөйлер футболшының әмиянын, екі телефонын және құны 8-14 мың еуро шамасында бағаланатын Rolex Datejust сағатын алып кеткен. Оқиға бойынша екі күдікті ұсталғаны хабарланды.
Шабуылдан кейін Фусейни ауруханаға жеткізіліп, медициналық тексерістен өтті. Дүйсенбі күні ганалық футболшы командамен жаттығуға қайта оралды.
Мохаммед Фусейни «Юнион Сент-Жиллуаз» сапында 2024 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Бельгиялық клуб құрамында ол 71 матч өткізіп, 14 гол соғып, үш нәтижелі пас берген.