Бенавидес Канело мен Жәнібек Әлімханұлының жекпе-жегін көргісі келеді

Фото: Getty Images
Бірінші ауыр салмақта WBA және WBO чемпиондық белбеулеріне иелік ететін америкалық боксшы Дэвид Бенавидес қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы мен мексикалық Сауль «Канело» Альварестің жекпе-жегін көргісі келетінін айтты.
Fight Hub TV арнасына берген сұхбатында Бенавидес Канело қатысуы мүмкін жекпе-жектердің ішінен өзіне ең қызықтысы қазақстандық боксшымен болатын кездесу екенін жеткізді. Дегенмен оның ұйымдастырылатынына күмәнмен қарайтынын да жасырмады.
«Канелоның ықтимал қарсыластары туралы айтатын болсақ, оның Жәнібекпен рингке шыққанын көргім келеді. Меніңше, олар өте қызықты жекпе-жек өткізе алар еді. Бірақ бұл қарсыластықты бір күні көреміз деп ойламаймын», – деді Бенавидес.
Әлімханұлы да мексикалық жұлдызбен кездескісі келетінін бірнеше рет мәлімдеген. Алайда алдымен қазақстандық боксшы екінші орта салмақта дебют жасап, чемпиондық атақ үшін жұдырықтасуы керек.
2027 жылдың 23 қаңтарында Жәнібек жеңіліп көрмеген даниялық Якоб Банкпен кездеседі. Жекпе-жек Данияның Хорсенс қаласында өтеді. Бұл кездесуде екінші орта салмақтағы WBO тұжырымы бойынша бос тұрған әлем чемпионы белбеуі сарапқа салынады.
Бұған дейін Әлімханұлы келесі жылға арналған жоспарын жариялаған болатын. Қаңтарда чемпиондық атақты жеңіп алып, мамырда Канело мен Кристиан Мбилли арасындағы кездесудің жеңімпазымен біріктіру жекпе-жегін өткізуді көздеп отыр.
Еске салайық, 31 қазанда Альварес Мбиллиді төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіп, екінші орта салмақтағы WBC белбеуін иеленді. Ал Әлімханұлымен ықтимал жекпе-жек әзірге талқылау деңгейінде қалып отыр. Оны ұйымдастыру бойынша ресми келіссөздер басталғаны хабарланған жоқ.