Басты бет
·
Футбол

«Бернли» бапкері Сәтпаевты команда үшін маңызды ойыншы деп атады

Бекарыс Әлімхан··
«Бёрнли» ФК

«Бёрнли» ФК

«Бернли» бас бапкері Ники Хайен Дастан Сәтпаевтың командадағы рөлін атап өтті.

Маманның айтуынша, Чемпионшиптегі ұзақ маусым құрамның мықты болуын талап етеді. Сондықтан «Бернлиге» ойыншыларды алмастырып, қажет кезде матч барысына әсер ете алатын футболшылар керек.

«Ол өте талантты ойыншы әрі жасы небәрі 18-де. Оның шеберлігіне және қарсылас қақпасының маңында қандай қауіп төндіретініне қарасақ, бұл біздің команда үшін үлкен артықшылық. Чемпионатта 46 матч өткізуіміз керек, оған қоса кубок ойындары бар. Біз мүмкіндігінше көп футболшыны алаңға шығарып, ойынның жоғары деңгейін сақтағымыз келеді. Әркім бар күшін салуы керек, бірақ барлық матчта ойнау мүмкін емес. Сондықтан нәтижеге әсер ете алатын ойыншылар көп болуы қажет. Дастан – солардың бірі», – деді Хайен баспасөз мәслихатында.

Айта кетейік, қазақстандық футболшы тамыз айында «Челсиден» маусым соңына дейін жалға алу келісімімен «Бернлиге» ауысқан. Сәтпаев жарақат алғанға дейін барлық турнирде төрт матч өткізіп үлгерді. Ал Чемпионшиптегі «Мидлсброға» қарсы кездесуді негізгі құрамда бастап, өз командасының үздік ойыншысы атанды.

Қазір шабуылшы қыркүйектің басында алған санның артқы бұлшықетіндегі жарақатынан кейін қалпына келіп жатыр. Хайен бұған дейін Сәтпаевтың алаңға оралуға жақын екенін және халықаралық үзілістен кейін командаға қайта қосылуы мүмкін екенін айтқан.

«Бернли» келесі матчын 10 қазанда сырт алаңда «Уотфордқа» қарсы өткізеді.