«Бешікташ» Ромелу Лукакуды трансферлеуге ұсыныс жасады

Фото: RBFA
Түркияның «Бешікташ» клубы Италияның «Наполи» командасына Бельгия құрамасының шабуылшысы Ромелу Лукакуды сатып алу жөнінде ресми ұсыныс жасады.
Sabah басылымының мәліметінше, түрік клубы 33 жастағы футболшы үшін бес миллион еуро ұсынған. Ал «Наполи» тәжірибелі шабуылшының трансферінен шамамен он миллион еуро табыс табуды көздеп отыр.
Өткен маусымда Лукаку алаңда бар болғаны 64 минут өткізіп, бір гол соқты. Ол маусымның басым бөлігін сан жарақатына байланысты өткізіп алды.
2026 жылғы әлем чемпионатында бельгиялық шабуылшы бес матчқа қатысып, үш гол соғып, бір нәтижелі пас берді.
Әлем чемпионатының ширек финалында Бельгия құрамасы Испаниямен кездеседі. Матч 11 шілде күні Қазақстан уақытымен сағат 00:00-де басталады.
Еске сала кетейік, 2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатыр. Турнир 19 шілдеде аяқталады.