Бибісара Асаубаеваға көрсетілген қолдау көлемі белгілі болды

Али Асетов··
Фото: Instagram желісіндегі bibisarachess парақшасынан

Фото: Instagram желісіндегі bibisarachess парақшасынан

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінің жетекшісі Аян Төлеген шахматшы Бибісара Асаубаеваға көрсетілген мемлекеттік қолдау көлемі туралы мәлімет берді.

Оның айтуынша, соңғы үш жылда спортшының дайындығы мен халықаралық жарыстарға қатысуына 700 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген.

«700 миллион теңге қомақты қаржы саналмайтын кезге жеттік. Соңғы үш жылда Бибісара Асаубаеваға шамамен 700 миллион теңге көлемінде қаржылық қолдау көрсетілді. Спортты қолдау және туризм қоры арқылы 2024 жылы 64 миллион теңге, 2025 жылы 79 миллион теңге бөлінсе, 2026 жылдың алғашқы алты айында қаржыландыру көлемі 210 миллион теңгеге жетті.

Бұдан бөлек, спортшы жетістіктері үшін сыйақылар да алған. Мәселен, өткен жылы әлем чемпионы атанғаны үшін оған 25 миллион теңге көлемінде арнайы сыйақы табысталды.

Сондай-ақ Бибісараға Тимур Турлов жетекшілік ететін Қазақстан шахмат федерациясы да қолдау көрсетіп келеді. Алайда бұл бағыттағы нақты сандарға тоқталмаймын», – деп жазды Төлеген Instagram парақшасында.

Министрлік өкілінің бұл мәлімдемесі Бибісара Асаубаеваның Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жасаған үндеуінен кейін жарияланды. Шахматшы әлеуметтік желіде жариялаған видеода қаржыландырудың қысқаруына, ресми хаттарға жауап берілмеуіне және мемлекеттік марапатты табыстау үдерісінің созылып кетуіне қатысты наразылығын білдірген болатын.

Еске салайық, бұған дейін бұл мәселеге Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев пікір білдірген еді. Оның айтуынша, халықаралық аренада жоғары нәтижеге қол жеткізген кейбір спортшылар мемлекет тарапынан ерекше жағдай мен қосымша қолдау күтетін жағдайлар кездеседі.

Бибісара Асаубаеваға көрсетілген қолдау көлемі белгілі болды – sport-hub