Бивол мен Смит Екатеринбургте титул үшін жекпе-жекке келісімшартқа қол қойды

Фото: x_@IntBoxingNews
Жартылай ауыр салмақтағы әлемнің біріккен чемпионы Дмитрий Бивол мен WBO нұсқасы бойынша уақытша чемпион Каллум Смит келіссөздерді аяқтап, титулдық жекпе-жек өткізуге қажетті құжаттарға қол қойды.
Бокс кешін RCC Boxing ұйымдастырады. Жекпе-жек 12 желтоқсанда Екатеринбургте өтеді деп жоспарланған.
«Бүгін Каллум Смиттің командасымен ұзаққа созылған келіссөздерді аяқтап, Дмитрий Биволға қарсы жекпе-жекті ұйымдастыруға қажетті барлық құжатқа қол қойдық. Титулдық жекпе-жекті RCC Boxing ұйымдастырады. Желтоқсанда бұл жекпе-жекті Екатеринбургте өткіземіз. Бұған дейін айтқанымыздай, жоспарланған күн – 12 желтоқсан. Енді WBO, WBA, IBF және The Ring ұйымдарының келісімін күтуіміз керек. Осыдан кейін ресми түрде анонс жасалады», – деді RCC Boxing бас директоры Герман Титов.
Смит 2025 жылдың ақпанында Джошуа Буатсиге қарсы жеңісінен кейін міндетті үміткер мәртебесін алды. Британдық боксшы төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіп, WBO-ның уақытша чемпиондық белбеуін иеленді. Оның кәсіпқой бокстағы рекорды – 31 жеңіс және 2 жеңіліс. Ал Биволдың қоржынында 25 жеңіс пен 1 жеңіліс бар.
Айта кетейік, Бивол мен Смит бұған дейін әуесқойлар арасында кездескен. 2012 жылдың ақпанында венгриялық турнирдің ширек финалында ресейлік боксшы британдық қарсыласын жеңген.