Боранбаев Дастан Сәтпаевтың «Челсидегі» алғашқы күндері туралы айтты

Бегасыл Амирбай ··
Фото: Қайрат Боранбаевтың жеке парақшасынан

Фото: Қайрат Боранбаевтың жеке парақшасынан

«Қайрат» бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаевпен кездесуден кейінгі әсерімен бөлісті.

Кездесу Лондондағы «Челсидің» Кобхэмдегі жаттығу базасында өтті.

«Лондонға сапар барысында «Челсидің» жаттығу базасына барып, Дастанмен кездесудің сәті түсті. Ең бастысы, оның көңіл күйі жақсы, толықтай жұмысқа шоғырланған және мансабындағы жаңа кезеңді бастап кетті. Қазақстан чемпионаты қызған шағында болғандықтан, Дастан Лондонға ұзақ үзіліссіз, жақсы физикалық формада келді. Жас футболшы үшін бұл бейімделу кезеңіндегі үлкен артықшылық.

Бүгінде бұл оқиға тек бір талантты футболшы туралы ғана емес. Бұл – бүкіл қазақстандық футбол үшін мүмкіндіктер туралы оқиға. Біздің балалар дұрыс дайындық, тәртіп және өз күшіне сенім болса, үздіктермен бәсекеге түсе алатынын көрсетеді.

Біз еуропалық топ-клубтарды қол жетпес арман деп санауды тоқтатуымыз керек. Бұл – күнделікті еңбек, кәсіби көзқарас және сапалы дайындық жүйесі арқылы жетуге болатын нақты мақсат. Дастанның жолы Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі мыңдаған балаға шабыт сыйласа деймін. Әрбір жас футболшы туған жері оның мүмкіндігінің шегін анықтамайтынын түсінсе екен. Оны мінез, еңбекке деген құлшыныс және күн сайын жақсырақ болуға дайындық анықтайды.

Бұл тек бастамасы екеніне сенемін. Дастанның ізінен әлемнің ең мықты клубтарына қазақстандық футболдың басқа да тәрбиеленушілері баратынына сенімдімін. Біздің міндетіміз – оларға осы жолды қалыптастыру және Қазақстан әлемдік деңгейдегі ойыншыларды тәрбиелей алатынын дәлелдеу», – деп жазды Боранбаев Instagram парақшасында.

Айта кетейік, Дастан Сәтпаев 18 жасқа толғаннан кейін «Қайраттан» «Челсиге» ресми түрде ауысады. Алматылық клуб сапында шабуылшы 58 матч өткізіп, 26 гол соқты және 10 нәтижелі пас берді. Трансфер сомасы шамамен 2,4 миллион еуроны құрады.