Бруну Фернандеш PFA нұсқасы бойынша 2025/26 жылғы АПЛ-дың үздік ойыншысы атанды

Аружан Талғат··
Фото: dailystar.co.uk

Фото: dailystar.co.uk

«Манчестер Юнайтед» жартылай қорғаушысы Бруну Фернандеш ағылшын футболындағы басты жеке марапаттардың біріне ие болды. Португалиялық футболшы Кәсіби футболшылар қауымдастығының (PFA) нұсқасы бойынша 2025/26 жылғы Премьер-лиганың үздік ойыншысы атанды.

Бұл марапаттың ерекшелігі жеңімпазды кәсіби футболшылардың өздері анықтайды. Дауыс беру қорытындысы бойынша АПЛ ойыншылары арасында ең көп дауыс Фернандешке берілді.

31 жастағы жартылай қорғаушы мансабындағы ең нәтижелі маусымдарының бірін өткізді. Ол Англия чемпионатындағы 35 матчта 21 нәтижелі пас беріп, турнирдің үздік ассистенті атанды.

Бұл көрсеткіш португалиялық футболшыға бір маусымда ең көп нәтижелі пас беру бойынша Премьер-лиганың жаңа рекордын орнатуға мүмкіндік берді. Бұған дейінгі рекорд Тьерри Анри мен Кевин Де Брюйнеға тиесілі еді. Екеуі де өз уақытында чемпионатты 20 нәтижелі паспен аяқтаған.

Фернандеш серіктестеріне пас берумен ғана шектелген жоқ. Оның еншісінде тоғыз гол бар. Осылайша, «Манчестер Юнайтед» капитаны маусымдағы ең нәтижелі жартылай қорғаушылардың біріне айналды.

Португалиялық футболшы чемпионатты жалпы 30 нәтижелі әрекетпен аяқтап, лигадағы әріптестерінің жоғары бағасына ие болды.

Осылайша, PFA марапаты Фернандештің «Манчестер Юнайтед» құрамындағы маңызды рөлін тағы бір мәрте айқындады. Маусым бойы команданың шабуылдарының едәуір бөлігі оның қатысуымен құрылып, нәтижелі пас бойынша рекорды португалиялық футболшының басты жеке жетістігіне айналды.