Бублик US Open-2026 турнирінің төртінші айналымына шығу үшін Полмен кездеседі

Бекарыс Әлімхан··
Фото: x_@usopen

Фото: x_@usopen

Қазақстандық теннисші Александр Бублик (ATP рейтингінде 16-орын) US Open-2026 турнирінің үшінші айналымында америкалық Томми Полмен (ATP рейтингінде 21-орын) кездеседі.

Матч 4 қыркүйекте өтеді. Кездесу Қазақстан уақытымен сағат 21:30-да басталады. Бублик пен Пол кортқа Арина Соболенко – Камилла Рахимова арасындағы матч аяқталғаннан кейін шығады. Сондықтан ойынның басталу уақыты өзгеруі мүмкін. Кездесудің ең қызықты сәттерін Sport-hub.kz Telegram арнасындағы тікелей эфирден бақылауға болады.

Теннисшілер осыған дейін өзара жеті рет кездескен. Америкалық спортшы 5:2 есебімен алда, алайда соңғы кездесуде Бублик жеңіске жеткен. US Open-2025 турнирінің үшінші айналымында Қазақстан өкілі Полды бес сетте – 7:6 (7:5), 6:7 (4:7), 6:3, 6:7 (5:7), 6:1 есебімен жеңген.

Биылғы турнирде Бублик екінші айналымда француз Адриан Маннариноны 6:3, 6:1, 6:1 есебімен ойсырата жеңді. Ал Пол хорват Дино Прижмичтен 6:2, 6:3, 5:7, 6:4 есебімен басым түсті.

Кездесуде жеңіске жеткен теннисші төртінші айналымда Карлос Алькарас – У Ибин матчының жеңімпазымен ойнайды.

Еске салайық, US Open-2026 турнирі Нью-Йоркте 30 тамыз бен 13 қыркүйек аралығында өтеді.