Бұл күннің спорттағы тарихы: Рахмоновтың нокауты, Испания кубогындағы сенсациялық финал

Ульяна Калиаскар··
Фото: AI-иллюстрация

Фото: AI-иллюстрация

Төртінші маусым спорт тарихында Шавкат Рахмоновтың M-1 Challenge 67 турниріндегі әсерлі жеңісімен, Волковтың UFC-дегі нокаутымен және «Детройттың» Стэнли кубогын жеңуімен есте қалды.

Қазақстан:

Рахмоновтың екінші минуттағы нокауты

2016 жыл – осы күні ММА бойынша өткен M-1 Challenge 67 турнирінде кейіннен UFC-дегі жеңіліп көрмеген үздік файтер атанған қазақстандық Шавкат Рахмонов бразилиялық мектептің ардагері Марсело Бритомен кездесті. Бірінші раундтың екінші минутында-ақ Рахмонов қарсыласын бауырға бағытталған жойқын соққымен нокаутқа түсірді. Бұл нәтиже Рахмоновқа жеңіліссіз сериясын жалғастыруға мүмкіндік берді.

Әлем:

Волков Розенстрайкпен есеп айырысты

2022 жыл – осы күні Лас-Вегаста UFC Fight Night 207 аралас жекпе-жек турнирі өтті. Кештің басты жекпе-жегі ресейлік Александр Волковтың 2 минут 12 секундта орындаған әдемі техникалық нокаутымен аяқталды. Волковтың қарша бораған соққыларына суринамдық Жаирзиньо Розенстрайк төтеп бере алмады. Сол кездегі нәтиже Розенстрайк үшін 16 жекпе-жектегі төртінші жеңіліс болып тіркелді. Ал Волков 45 жекпе-жектегі 35-жеңісіне қол жеткізді.

Карл Фроч Super Six финалына шықты

2011 жыл – АҚШ-тың Атлантик-Сити қаласында өткен әйгілі Super Six World Boxing Classic турнирінің жартылай финалында британдық Карл Фроч екінші орта салмақтағы WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағын қорғап, тәжірибелі Глен Джонсонды ұпай санымен жеңді. Финалда Карл Фроч америкалық Андре Уордпен кездесті.

Теннис тарихындағы жаңа тарау

2011 жыл – қытайлық теннисші Ли На Франция ашық чемпионатының финалында италиялық Франческа Скьявонені (6:4, 7:6) жеңді. Осы жеңісінің арқасында Ли На жекелей сында «Үлкен дулыға» турнирін жеңген алғашқы азиялық теннисші атанды.

Соғыс алдындағы әлем чемпионаты

1938 жыл – осы күні футболдан III әлем чемпионаты басталды. Турнир Францияда өтті, ал Италия құрамасы қатарынан екінші рет чемпион атанды. Бұл әлем чемпионаты Екінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі соңғы мундиаль болды.

UFC-дегі орта салмақтың жаңа патшасы

2016 жыл – UFC 199 турнирінің басты жекпе-жегінде англиялық Майкл Биспинг америкалық чемпион Люк Рокхолдты бірінші раундта-ақ нокаутқа жіберді. Қарсыластар кездесуді сақ бастады, алайда Рокхолд тым еркін көрінді. Қоян-қолтық ұрыс кезінде америкалық жойқын сол қол хукты соққысын өткізіп алып, еденге сұлап түсті. Люк қайта түрегелсе де, көп ұзамай дәл сондай соққыны тағы өткізіп, қайтадан есеңгіреді. Биспинг бірнеше соққымен шабуылды жалғастырғасын төреші жекпе-жекті тоқтатты. Осылайша Майкл Биспинг UFC-дің орта салмақтағы чемпионы атанды.

«Детройт» Стэнли кубогын жеңіп алды

2008 жыл – осы күні «Детройт Ред Уингз» бен «Питтсбург Пингвинз» арасындағы финалдық серияның шешуші алтыншы матчы өтті. «Қызыл қанаттар» сырт алаңда 3:2 есебімен жеңіске жетті, ал жеңіс шайбасының авторы швециялық шабуылшы Хенрик Зеттерберг болды. Ол кейін плей-офф қорытындысы бойынша «Конн Смайт Трофи» (ең құнды ойыншыға берілетін жүлде) иегері атанды.

«Бернабеудегі» отбасылық финал

1980 жыл – осы күні Испания кубогының тарихындағы теңдессіз финал өтті: «Сантьяго Бернабеу» стадионында мадридтік «Реал» өз фарм-клубы «Кастильяны» 6:1 есебімен ойсырата жеңді. Бұл турнир тарихындағы негізгі құрам мен қосалқы құрам финалда кездескен жалғыз естелік болып қалды.

Осы күні дүниеге келген спортшылар:

2001 – Нұржан Асан, қазақстандық грек-рим күресінің балуаны, 2021 жылғы XXIV жазғы Сурдлимпиада ойындарының қола жүлдегері;

1993 – Юлия Литвина, қазақстандық жүзгіш, 2009 жылғы Азия жасөспірімдер ойындарының алтын жүлдегері;

1972 – Нүркен Мазбаев, қазақстандық шабуылшы, Қазақстанның екі дүркін чемпионы (1996, 2000) және Қазақстан кубогының үш дүркін иегері (1999, 2001, 2004).

Бұл күннің спорттағы тарихы: Рахмоновтың нокауты, Испания кубогындағы сенсациялық финал – sport-hub