«Челси» Душан Влаховичтің трансфері бойынша келіссөз жүргізіп жатыр

Фото: «Ювентус» ФК
Лондонның «Челси» клубы «Ювентус» шабуылшысы Душан Влаховичті өз қатарына қосу мүмкіндігін қарастыруда. Англиялық клуб сербиялық футболшының өкілдерімен келіссөздерді бастап кеткен.
La Gazzetta dello Sport басылымының мәліметінше, «Челси» өкілдері футболшының әкесі әрі агенті Милош Влаховичпен байланыс орнатқан. Сонымен қатар шабуылшыға Еуропаның өзге де алпауыт клубтары қызығушылық танытып отыр. Олардың қатарында «Бавария», «Барселона» және «Ньюкасл» бар.
Душан Влахович «Ювентус» сапында 2022 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Ол туриндік клубқа «Фиорентинадан» ауысқан болатын.
Өткен маусымда сербиялық шабуылшы барлық турнирде 23 матч өткізіп, 10 гол соқты және екі нәтижелі пас берді.
2025/26 жылғы маусым қорытындысы бойынша «Ювентус» Италия чемпионатында 69 ұпай жинап, алтыншы орынға тұрақтады. Ал чемпиондық атақты «Интер» жеңіп алып, «Наполи» мен «Романы» артта қалдырды.