Ислам Чесноков мансабын Ресей Премьер-лигасында жалғастыруы мүмкін

Фото: ФК «Хартс»
Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Ислам Чесноков жазғы трансферлік кезеңде клуб ауыстыруы ықтимал. Футболшыға Ресей Премьер-лигасының клубы«Крылья Советов» қызығушылық танытып отыр.
Самаралық клуб 25 жастағы вингердің трансфері үшін шотландиялық «Хартсқа» 200 мың еуро ұсынуға дайын, деп жазды Amanvibe.kz.
Чесноков «Хартс» сапына 2026 жылдың қысында қосылған болатын. Содан бері қазақстандық футболшы 10 матч өткізіп, бір голдың авторы атанды.
Сонымен қатар, «Крылья Советов» Исламға қызығушылық танытқан жалғыз клуб емес. Қазақстан құрамасының көшбасшыларының біріне Қазақстан Премьер-лигасы клубтары да көз тігіп отыр. Атап айтқанда, «Ордабасы» мен «Тобыл» ойыншыны өз қатарына қосудың мүмкіндігін қарастыруда.
Ислам Чесноковтың «Хартспен» жасасқан келісімшарты 2028 жылдың жазына дейін жарамды. Бұған дейін ол «Тобыл» сапында өнер көрсетіп, кейін шотландиялық клубқа еркін агент ретінде ауысқан болатын.