Мағжан Тоқтыбай Қазақстан құрамасындағы дебюті туралы пікір білдірді

Бегасыл Амирбай ··
Фото: ҚФФ

Фото: ҚФФ

«Ордабасы» клубының шабуылшысы Мағжан Тоқтыбай Венгрияға қарсы өткен жолдастық кездесуден кейін Қазақстан ұлттық құрамасындағы алғашқы ойыны туралы әсерімен бөлісті.

Форвард ұлттық құрама сапында дебют жасағанына қуанышты екенін айтты.

«Қазақстан құрамасы сапында алғаш рет алаңға шыққаныма өте қуаныштымын. Алайда ойын біз күткендей өрбіген жоқ, сондықтан көңілде өкініш бар. Дебютімді сәтті өтті деп айта алмаймын. Бұйырса, алдағы матчтарда гол соғып, командаға пайда келтіруге тырысамын. Стадионға келіп, бізді қолдаған барлық жанкүйерге үлкен алғыс айтамын. Келесі ойындарда сіздерді жеңістермен қуанту үшін бар күшімізді саламыз», – деді Мағжан Тоқтыбай ҚФФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

Еске салайық, Венгрия мен Қазақстан құрамалары арасындағы жолдастық кездесу Дебрецен қаласында өтіп, алаң иелерінің 3:1 есебімен жеңісімен аяқталды.

Матчтағы есепті алғаш болып Сергей Малый ашқанымен, кейін Венгрия құрамасы сапынан Доминик Собослаи, Андраш Шефер және Раймунд Тот мергендік танытып, өз командаларына жеңіс сыйлады.