Басты бет
·
Футбол

«Челси» Ковачичті кері қайтаруы мүмкін

Бекарыс Әлімхан··
«Челси» ФК

«Челси» ФК

Лондондық «Челси» «Манчестер Сити» сапында өнер көрсететін 32 жастағы хорватиялық жартылай қорғаушы Матео Ковачичке қызығушылық танытып отыр.

Инсайдер Влад Поливодтың мәліметінше, лондондық клуб орталық алаңды күшейтуді қарастырып жатыр. Команда басшылығын бірқатар футболшының кетуі мен ойыншылардың жарақатына байланысты кадрлық жағдай алаңдатып отыр. Осыған байланысты Ковачич ықтимал трансферлік нұсқалардың бірі ретінде қарастырылуда.

Хорватиялық футболшы «Челсиге» жақсы таныс. Ол 2018 жылдың жазында мадридтік «Реалдан» жалға алынып, бір жылдан кейін лондондық клубпен толыққанды келісімшартқа қол қойған. «Челси» сапында бес маусым өткізген жартылай қорғаушы 221 матчқа қатысып, алты гол соқты. Сондай-ақ командамен бірге Чемпиондар лигасын, Еуропа лигасын, УЕФА Суперкубогын және клубтар арасындағы әлем чемпионатын жеңіп алды.

2023 жылдың жазында Ковачич «Манчестер Ситиге» ауысып, төрт жылдық келісімшартқа қол қойды. Осы маусымда ол барлық турнирде алты матч өткізіп, бір нәтижелі пас берді.

Айта кетейік, футболшының «Манчестер Ситимен» келісімшарты 2027 жылдың 30 маусымына дейін жарамды. Transfermarkt порталы хорватиялық ойыншының нарықтық құнын 10 миллион еуроға бағалап отыр.