Дастан Сәтбаев «Челси» клубына қаралымға қалай шақырту алғанын айтып берді

Фото: Қайрат Боранбаевтың Instagram парақшасы
«Қайрат» клубының баспасөз қызметіне берген сұхбатында қазақстандық футболшы Лондон клубының базасында болған сәттерімен де бөлісті.
«Қайрат» клубының баспасөз қызметіне берген сұхбатында қазақстандық футболшы Лондон клубының базасында болған сәттерімен де бөлісті.
«Қайрат Советаевичке келдім, олар әкеммен бірге кеңседе мені күтіп отыр екен. Шынымды айтсам, әңгіме не туралы болатынын білмедім. Сол жерде мен «Челси» клубына қаралымға баратындығымды білдім. Екі аптадан кейін ұшатынымды айтып, дайындалуымды тапсырды.
Алғашында бәрін ой елегінен өткізіп, мұның қалай мүмкін екеніне түсінбей жүрдім. Бірақ бұл шындық болса, дайындықты жалғастырып, қаралымға барынша әзірлене бастадым. Қатты қуандым, сонымен қатар толқыдым да. Бұған дейін мұндай, әсіресе «Челси» сияқты клубта қаралымнан өтпегенмін.
Әкеммен бірге Лондонға ұшып бардық, қаралымнан өттім, алғашқы ойында үш гол соқтым. Осыдан кейін «Челси» директоры база бойынша экскурсия өткізіп, енді трансфер шарттарын агентпен талқылай бастайтындарын айтты», – деді Сәтбаев.
Еске салайық, Дастан Сәтбаев «Қайраттан» «Челси» клубына ауысты. Трансфер құны 2,4 миллион еуроны құрады. Алматы клубы сапында шабуылшы 58 матч өткізіп, 26 гол соғып, 10 нәтижелі пас берген.