Дастан Сәтпаев Англияда жоғары бағаланды: қазақстандыққа «Челсидің» негізгі құрамынан орын бұйырмақ

Аружан Талғат··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаев Англия Премьер-лигасындағы ең перспективалы жас футболшылардың қатарына енді. Британдық BBC басылымы 17 жастағы қазақстандық футболшыға ерекше назар аударып, оның «Челсидің» негізгі құрамынан орын алу мүмкіндігін жоғары бағалады.

АПЛ клубтарындағы жас таланттарға арналған материалда Сәтпаевты 2026/27 маусымында үлкен серпіліс жасай алатын футболшылардың бірі ретінде атаған.

«17 жастағы қазақстандық шабуылшы «Челсидің» негізгі құрамынан орын алуға ең ықтимал үміткерлердің бірі көрінеді. Сәтпаев жаңа бас бапкер Хаби Алонсоның да оң бағасына ие болды. «Вестерн Сидней Уондерерс» командасына қарсы матчта ол алыстан дәл соққы жасап, есеп ашты.

Дастан жылдам, физикалық тұрғыдан мықты және тұрақты түрде гол соғуға мүмкіндік беретін қасиеттерге ие. Жасына қарамастан, оның Чемпиондар лигасында ойнаған тәжірибесі бар. Сонымен қатар 2025 жылдан бері Қазақстан құрамасы сапында тоғыз матч өткізді», — деп жазды британдық басылым.

Сәтпаевтың «Қайраттан» «Челсиге» ауысатыны туралы ресми түрде 2025 жылдың ақпанында хабарланған болатын. Трансфер құны 4,3 миллион еуроны құрап, бұл Қазақстан футболы тарихындағы рекордтық келісімдердің біріне айналды.

Трансферден кейін шабуылшы Алматы клубында өнер көрсетуін жалғастырды. Ал 2026 жылдың жазында Сәтпаев «Челсиге» қосылып, команданың маусым алдындағы турнесіне аттанды.

Қазақстандық футболшы лондондық клубтың толыққанды ойыншысы атану үшін кәмелет жасына толуы тиіс. 12 тамызда Дастан Сәтпаев 18 жасқа толады.

Осылайша, қазақстандық футболшы үшін жаңа кезең басталғалы тұр. Енді Сәтпаевтың алдында әлемдегі ең мықты чемпионаттардың бірінде өзін дәлелдеп, «Челсидің» негізгі құрамынан орын алу міндеті тұр.