Дастан Сәтпаевтың «Челсидегі» жаңа командаласы белгілі болды

Фото: chelseafc.com
Лондондық «Челси» француз қорғаушысы Максанс Лакруаның трансферін ресми түрде жариялады. Соңғы екі маусымда футболшы «Кристал Пэлас» сапында өнер көрсеткен, енді мансабын «көк» клубта жалғастырады.
Тараптар 2032 жылдың жазына дейін келісімшартқа қол қойды. Британдық БАҚ мәліметінше, трансфер құны шамамен 52 миллион фунт стерлингті құраған.
Өткен маусымда Лакруа жоғары деңгейде ойын көрсетті. Ол «Кристал Пэлас» құрамында барлық турнирде 35 матч өткізіп, 1 гол соғып, 2 нәтижелі пас берді. Сондай-ақ қорғаныста сенімді ойынымен көзге түсті.
Еске сала кетейік, «Челси» сапында Қазақстанның ең талантты жас футболшыларының бірі Дастан Сәтпаев та бар. 18 жасқа толғаннан кейін шабуылшы ағылшын клубымен ресми келісімшартқа отырады. Маусым алдындағы турне барысында Сәтпаев өзін жақсы қырынан көрсетіп үлгерді, ол австралиялық «Вестерн Сидней Уондерерс» клубына қарсы жолдастық кездесуде дебюттік голын соқты.