Давид Дегтярев Азия Пара ойындарында рекорд жаңартып, алтын алды

Фото: Аян Несипбеков
Қазақстандық спортшы Давид Дегтярев Жапонияның Нагоя қаласында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия Пара ойындарында алтын медаль жеңіп алды. Ол парапауэрлифтингтен 54 келіге дейінгі салмақта жарыс рекордын жаңартты.
Паралимпиаданың екі дүркін чемпионы 190 келі салмақтағы зілтемірді көтеріп, жарыста топ жарды. Осылайша, қазақстандық спортшы Азия Пара ойындарында қатарынан екінші рет алтын медаль иеленді. 2023 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен жарыста да ол алтын алып, рекорд орнатқан еді.
Давид Дегтярев бұған дейін Паралимпиада ойындарында екі рет чемпион атанған. 2021 жылы Токиода 174 келі көтеріп, алтын медаль жеңіп алды. Ал 2024 жылы Парижде өткен Паралимпиадада 188 келі нәтижемен чемпиондық атағын қорғады.
Айта кетейік, 2026 жылғы Азия Пара ойындарында бұған дейін Қазақстан қоржынына тағы екі медаль түсті. Еркін Ғаббасов 10 метр қашықтықтан пневматикалық винтовкамен оқ атудан алтын медаль жеңіп алды. Ал парапауэрлифтингтен 41 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Тұрсынай Қабыл 104 келі көтеріп, күміс жүлдегер атанды.
Еске салайық, Азия Пара ойындары 18–24 қазан аралығында Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтеді.