Қазақстандық парапауэрлифтерлер Азия Пара ойындарын медальсіз аяқтады

Фото: ng.kz
Қазақстандық Ерболат Қарибай мен Фархат Мутунов Жапонияның Нагоя қаласында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия Пара ойындарында пауэрлифтингтен 49 келіге дейінгі салмақта жүлдеге іліге алмады.
Қазақстандық қос спортшы да үш мүмкіндіктің ешқайсысында мәлімдеген салмағын көтере алмады. Қарибай 163 келі, ал Мутунов 162 келі көтеруге үш рет талпынып көрді. Нәтижесінде екеуі де қорытынды рейтингке енбеді.
Алтын медальді 176 келі көтерген Иордания өкілі Омар Карада жеңіп алды. Вьетнамдық Ле Ван Конг 171 келі нәтижесімен күміс жүлдеге ие болды. Қытай спортшысы Чэнь Люсюнь 161 келі көтеріп, үздік үштікті түйіндеді.
Бұған дейін Фархат Мутунов парапауэрлифтингтен жастар арасындағы әлем чемпионатында жеңімпаз атанған. 2025 жылы Мысырдың Каир қаласында өткен жарыста ол 49 келіге дейінгі салмақта 141 келі көтеріп, алтын медаль иеленді. Сондай-ақ 2026 жылдың сәуірінде Бангкокте өткен Азия және Мұхит аймағы чемпионатында 150 келі нәтижесімен топ жарды.
Ерболат Қарибайдың да халықаралық жарыстарда жүлдесі бар. Ол 2023 жылы парапауэрлифтингтен әлем кубогында жекелей есепте және аралас командалық жарыста қола медаль жеңіп алған.
Еске салайық, Азия Пара ойындары 18-24 қазан аралығында Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатыр.