Басты бет
·
АО-2026

Нұрғиса Әділетұлы Азия ойындарында күміс медаль жеңіп алды

Бекарыс Әлімхан··
Фото: Сали Сабиров

Фото: Сали Сабиров

Қазақстандық ауыр атлет Нұрғиса Әділетұлы 2026 жылғы Азия ойындарында 95 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күміс медаль иеленді.

Әділетұлы жұлқа көтеруде 177 келі, серпе көтеруде 217 келі көтеріп, қос сайыс қорытындысы бойынша 394 келі нәтижесімен күміс жүлдеге қол жеткізді. Қазақстандық спортшы чемпион атанған ирандық Али Алипурдан төрт келіге қалып қойды. Алипур 398 келі (180+218) нәтиже көрсетті. Қытайлық Ту И 384 келі (179+205) көрсеткішімен қола медаль алды.

Бұл Әділетұлының Азия ойындарындағы алғашқы медалі. Ол бұған дейінгі Азиадаға қатыспаған. Ал биылғы жарысқа қазіргі әлем чемпионы мәртебесінде келді. 2024 жылы Манамада өткен әлем чемпионатында қазақстандық спортшы 96 келіге дейінгі салмақта 388 келі (174+214) нәтижесімен жеңімпаз атанған.

2025 жылы Әділетұлы Эр-Риядта өткен Ислам ынтымақтастығы ойындарында үш алтын медаль жеңіп алды. Ол жұлқа көтеру, серпе көтеру және қос сайыс бойынша (385 келі, 175+210) үздік нәтиже көрсетті.

Оның күміс жүлдесі Қазақстан ауыр атлетика құрамасының қазіргі Азия ойындарындағы үшінші күміс медалі болды. Бұған дейін Алексей Чуркин мен Аянат Жұмағали екінші орын алған.

Айта кетейік, 2026 жылғы Азия ойындары Жапонияның Айти префектурасы мен оның астанасы Нагояда өтіп жатыр. Жарыс 19 қыркүйекте басталып, 4 қазанға дейін жалғасады.