Төрехан Сабырхан Азия ойындарының жартылай финалына шықты

ҚБФ
Қазақстандық боксшы Төрехан Сабырхан 2026 жылғы Азия ойындарында 70 келіге дейінгі салмақта жартылай финалға жолдама алды.
Ширек финалда ол Ирак өкілі Әли Қасым Хамдан Әл-Сарраймен жұдырықтасты. Сабырхан қарсыласын бірінші раунд аяқталмай жатып мерзімінен бұрын жеңіп, келесі кезеңге өтті. Осылайша қазақстандық боксшы ел қоржынына кемінде қола медаль салды.
Бұл Сабырханның Азиададағы екінші жеңісі. 1/8 финалда ол Катар боксшысы Мұхаммед Дбичиді төрешілердің бірауызды шешімімен 5:0 есебімен жеңген. Сол жекпе-жекте де қарсыласы нокдаунға түскен.
Жартылай финалда Сабырхан Өзбекстан өкілі Шавкатжон Болтаев пен Қытай боксшысы Ли Гофэннің арасындағы жеңімпазбен кездеседі.
Төрехан Сабырхан Жапонияға 70 келіге дейінгі салмақтағы World Boxing ұйымының қазіргі әлем чемпионы ретінде барған. Ол 2025 жылы Ливерпульде өткен әлем чемпионатының финалында жапониялық Севонрецу Окадзаваны жеңген.