Басты бет
·
АО-2026

Балқыбекова жапон боксшысын жеңіп, Азиада жартылай финалына шықты

Бекарыс Әлімхан··
ҚБФ

ҚБФ

Қазақстандық боксшы Алуа Балқыбекова 2026 жылғы Азиада ойындарында кем дегенде қола жүлдеге кепілдік беріп, 51 келіге дейінгі салмақта жартылай финалға шықты.

Ширек финалда Балқыбекова жапониялық Юна Нишинаканы төрешілердің шешімімен 3:2 есебімен жеңді. Бірінші раундта бес төрешінің үшеуі қазақстандық боксшыға басымдық берсе, екінші раундта дәл осындай есеппен Нишинака үздік шықты. Ал шешуші үш минутта төрешілердің үшеуі Балқыбекованың жеңісін белгіледі.

Еске салайық, Алуа Балқыбекова Азиададағы алғашқы жекпе-жегінде де тартысты кездесу өткізген. 1/8 финалда ол Үндістан өкілі Сакши Чаудхариді 3:2 есебімен жеңді.

Балқыбекова Жапонияға қазіргі әлем чемпионы мәртебесінде келді. 2025 жылы Ливерпульде өткен World Boxing чемпионатында ол 51 келіге дейінгі салмақта жеңімпаз атанып, финалда түркиялық Бусе Наз Чакыроглудан басым түсті. Бұл қазақстандық боксшының әлем чемпионаттарындағы екінші алтын медалі болды.

Айта кетейік, 2026 жылғы Азиада ойындары Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатыр. Жарыс 19 қыркүйекте басталып, 4 қазанға дейін жалғасады.

Балқыбекова жапон боксшысын жеңіп, Азиада жартылай финалына шықты – sport-hub