Қазақстан Азиадада көркем жүзуден қола медаль жеңіп алды

Фото: Владислав Семенов
Қазақстан құрамасы Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан 2026 жылғы Азиада ойындарында көркем жүзуден командалық жарыста қола жүлдеге ие болды.
Қазақстандық спортшылар 216,7961 ұпай жинап, үшінші орын алды. Алтын медаль Қытай құрамасына (299,2117 ұпай), күміс жүлде Жапонияға (286,2688 ұпай) бұйырды.
Командалық жарыста Қазақстан намысын Наргиза Болатова, Виктор Друзин, Айгерім Құрманғалиева, Карина Магрупова, Ксения Макарова, Анна Павлецова, Валерия Столбунова, Ясмин Туякова, Даяна Джаманчалова және Жаклин Якимова қорғады.
Айта кетейік, Болатова үшін бұл Азиададағы екінші қола медаль. Бір күн бұрын ол Ясмин Туяковамен бірге дуэттік жарыста 286,0826 ұпай жинап, үшінші орын алған болатын.
Қазіргі құрамның бір бөлігі 2026 жылы Әлем кубогының кезеңдерінде де сәтті өнер көрсетті. Ақпан айында Колумбияның Медельин қаласында өткен жарыста Қазақстан әйелдер арасындағы еркін командалық бағдарламада алтын, ал акробатикалық бағдарламада күміс медаль жеңіп алды. Жалпы есепте ұлттық құрама алты жүлде иеленіп, командалық есепте екінші орынға тұрақтады.
Еске салайық, 2026 жылғы Азиада ойындары Жапонияның Айти префектурасы мен оның астанасы Нагояда өтіп жатыр. Жарыс 19 қыркүйекте басталып, 4 қазанға дейін жалғасады.