Токсанбаева Азия ойындарындағы алтын жүлдесінен айырылды

Фото: Арлан Олжабай
Қазақстандық жеңіл атлет Ясмина Токсанбаева Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан 2026 жылғы Азиада ойындарында марафондық спорттық жүрістен көрсеткен нәтижесінің жойылғанын хабарлады.
Токсанбаева 42,195 шақырымдық қашықтықты 3 сағат 22 минут 22 секундта жүріп өтіп, бірінші болып мәреге жеткен. Алайда жарыстан кейін оның аяқ киімі World Athletics талаптарына сәйкес келмегені туралы наразылық берілген.
Кейін спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында нәтижесінің жойылғанын жазды.
«Нәтижеміз жойылды. Біз соңына дейін күрестік. Осындай қысқа эмоциялар үшін кешіріңіздер, мен алтынды қатты сыйлағым келді. Бірақ Жаратқанның жолы бізге беймәлім, бұл да мені арманымның жолынан тоқтатпайды. Соңына дейін мен үшін күрескен суперқаһармандарыма — жеке жаттықтырушымнан бастап, жеңіл атлетика федерациясының барлық мүшесіне және спорт министріне дейін рақмет. Бүгін мені мың бөлікке бөлгендей болды», — деп жазды Токсанбаева.
Биыл Токсанбаева халықаралық жарыстарда да жоғары нәтижелер көрсетті. Наурыз айында ол спорттық жүрістен жартылай марафон қашықтығында Азия чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алып, 1 сағат 37 минут 17 секунд нәтиже көрсетті. Ал шілдеде қазақстандық спортшы U23 санатындағы Азия чемпионатында қола медаль иеленді.
Еске салайық, 2026 жылғы Азиада ойындары Жапонияның Айти префектурасы мен оның астанасы Нагояда өтіп жатыр. Жарыс 19 қыркүйекте басталып, 4 қазанға дейін жалғасады.