Қазақстан құрамасы отырып ойнау волейболынан Таиландты жеңді

Фото: Аян Несипбеков
Қазақстанның ерлер құрамасы 2026 жылғы Азия Пара ойындарындағы алғашқы кездесуінде Таиландты 3:0 есебімен жеңді.
19 қазанда Жапонияның Окадзаки қаласында өткен топтық кезең матчында қазақстандық волейболшылар алғашқы партияны 25:16 есебімен ұтты. Екінші сетте де қарсыластарынан басым түсіп, 25:22 есебімен жеңіске жетті. Ал шешуші партияда 25:18 есебімен жеңіп, кездесуді құрғақ есеппен аяқтады.
Қазақстан құрамасы В тобында Таиланд және Иранмен бірге өнер көрсетіп жатыр. Ұлттық құрама топтық кезеңдегі соңғы матчын 21 қазанда Иранға қарсы өткізеді. Жарыс ережесіне сәйкес, әр топтан үздік екі команда жартылай финалға жолдама алады.
Айта кетейік, Иран құрамасы – отырып ойнау волейболынан қазіргі әлем чемпионы. 2026 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалында ирандықтар Қазақстанды 3:0 есебімен жеңген. Финалда Босния және Герцеговинаны 3:1 есебімен ұтып, тарихындағы тоғызыншы чемпиондық атағына қол жеткізген еді.