Демеу Жадраев Азия ойындарында ширек финалда жеңілді

ҚР ҰОК
Қазақстандық грек-рим күресінің балуаны Ислам Евлоев 2026 жылғы Азия ойындарында өнерін сәтті бастады.
97 келіге дейінгі салмақтағы 1/8 финалда Евлоев қытайлық Ван Цзэганмен кездесіп, нәтижелі белдесуде 11:8 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, қазақстандық балуан турнирдің ширек финалына жолдама алды.
77 келіге дейінгі салмақта Демеу Жадраев ширек финалда Жапонияның Олимпиада чемпионы Нао Кусакамен кездесті. Нәтижелі белдесу алаң иесінің 11:9 есебімен жеңісімен аяқталды.
Жадраев пен Кусака бір-бірімен жақсы таныс. 2024 жылғы Олимпиада ойындарының финалында жапониялық балуан қазақстандықты 5:2 есебімен жеңсе, 2025 жылғы әлем чемпионатының ширек финалында тағы да басым түсті — 4:2. Сол жарыста Кусака күміс медаль жеңіп алды.
Әйелдер күресінде Ирина Кузнецова 62 келіге дейінгі салмақтағы турнирді Үндістан өкілі Манси Ахлаватқа қарсы белдесумен бастады. Қазақстандық балуан 1:6 есебімен жеңілді. Ахлават 2024 жылғы әлем чемпионатының 59 келіге дейінгі салмақтағы қола жүлдегері.
Айта кетейік, Жадраев пен Кузнецова өз қарсыластары өз салмақтарында финалға шыққан жағдайда, жұбаныш белдесулері арқылы қола медаль үшін күресуге мүмкіндік алады.
Еске салайық, 2026 жылғы Азия ойындары Жапонияның Айти префектурасы мен оның астанасы Нагояда өтіп жатыр. Жарыс 19 қыркүйекте басталып, 4 қазанға дейін жалғасады.