Басты бет
·
АО-2026

1 қазандағы Азия ойындарының кестесі: қазақстандық спортшылар қашан өнер көрсетеді?

Аружан Талғат··
Фото: olympic.kz

Фото: olympic.kz

Қазақстан құрамасы 1 қазанда Айти мен Нагояда өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында кезекті жарыс күнін өткізеді. Қазақстандық спортшылар бірден 15 спорт түрінен өнер көрсетеді. Негізгі үміт күрес, дзюдо, джиу-джитсу, теннис, таэквондо және спорттық құзға өрмелеу өкілдеріне артылып отыр. Барлық уақыт Астана уақытымен көрсетілген.

Күн бағдарламасын алғаш болып гольфшілер ашады. Жарыс 02:30-да басталып, 06:40-қа дейін жалғасады. Әйелдер арасындағы турнирдің екінші кезеңінде Қазақстан намысын Исламия Әбелдинова мен Диляра Буламбаева қорғайды.

05:15-тен бастап джиу-джитсудан жарыстар өтеді. 69 келіге дейінгі салмақта Нұржан Батырбеков пен Алинұр Қуатұлы өнер көрсетеді. 62 келіге дейінгі салмақта татамиге Абдулла Батырбек пен Батыр Теңізбай шығады. Ал әйелдер арасында 48 келіге дейінгі салмақта Қазақстан атынан Жібек Құлымбетова мен Райхан Абдуллаева бақ сынайды. Жүлде үшін белдесулер бағдарламаның екінші бөлігінде өтеді.

05:30-да конкурдан командалық финал басталады. Қазақстан сапында Олег Соколенко, Раиса Соколенко, Нұрила Тұрысбекова және Ксения Баталова өнер көрсетеді. Бірінші кезең таңертең өтсе, екінші кезең 09:05-ке жоспарланған.

Тағы бір жүлдеге талас басталуы мүмкін жарыс 05:40-та өтеді. 25 метр қашықтықтан жылдам атылатын тапаншадан іріктеу кезеңінде Кирилл Цуканов, Артемий Кабаков және Никита Чирюкин өнер көрсетеді. Шешуші кезеңге жолдама алған жағдайда, жекелей финал 11:30-да өтеді.

06:00-де Қазақстанның ерлер волейбол құрамасы 9–16 орындар үшін өтетін турнирде Гонконгпен кездеседі. Осы уақытта велотректегі жарыстар да басталады. Әлішер Жұмақан омниумда өнер көрсетсе, Кирилл Курдиди спринттегі күресін жалғастырады. Оның ширек финалдағы қарсыласы жапониялық Кайя Ота болады.

Осы аралықта регби-7 жарыстары да басталады. Қазақстанның ерлер құрамасы 06:15-те Жапониямен, 12:05-те Таиландпен ойнайды. Әйелдер құрамасы 07:30-да Таиландқа, 14:10-да Жапонияға қарсы алаңға шығады.

Ескек есуден слалом жарысында Қазақстан атынан екі спортшы өнер көрсетеді. 06:30-да Александр Куликов каноэ-одиночкадағы жартылай финалда бақ сынаса, 07:06-да Екатерина Таранцева байдаркадағы жартылай финалдық кезеңін бастайды.

06:00-ден бастап желкенді спорттағы жарыстар да жалғасады. ҰОК кестесіне сәйкес, қазақстандық спортшылар қатысатын бағдарлама шамамен 09:10-ға дейін созылады.

Демеу Жадраев және басқа балуандар жүлде үшін күреседі

Күннің негізгі спорттық блоктарының бірі 06:37-де басталады. Грек-рим күресінен 60 келіге дейінгі салмақта Ернұр Фидахметов 1/8 финалда жапониялық Аята Сузукимен кездеседі.

07:00-де Ирина Кузнецова әйелдер күресінен 62 келіге дейінгі салмақта Үндістан өкілі Мансимен кездесіп, турнирдегі жолын бастайды. 07:19-да 97 келіге дейінгі салмақта Ислам Евлоев қытайлық Ван Цзэганмен белдеседі.

Демеу Жадраевтың белдесуіне ерекше назар аударылады. Қазақстандық балуан 77 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп, жарысты бірден ширек финалдан 07:26-да бастайды. Оның қарсыласы бұған дейінгі белдесулердің нәтижесі бойынша анықталады. Күрес турнирінің финалдық кезеңі күннің екінші жартысына жоспарланған.

07:00-де көркем гимнастикадан да жарыс басталады. Жекелей көпсайыстың іріктеу кезеңінде Қазақстан атынан Айбота Ертайқызы мен Ақмарал Ерекешева өнер көрсетеді. Алдымен гимнастшылар доп пен шығыршықпен өнер көрсетіп, кейін лента және шығыршықпен бағдарламасын жалғастырады.

Қазақстандық дзюдошылар үшін маңызды күн

Дзюдодан Қазақстанның бес өкілі жарыс жолына шығады.

57 келіге дейінгі салмақта Дана Абдирова Тайбэй өкілі Лю Цзыюньмен кездеседі. 73 келіге дейінгі салмақта Бақытжан Абдурахманов жапониялық Тацуки Ишихарамен белдессе, 81 келіге дейінгі салмақта Әділет Алмат Қырғызстан өкілі Алмазжан уулу Тегинмен кездеседі.

Әйелдер арасында 70 келіге дейінгі салмақта Ажар Асхат таиландтық Супаттра Нанонгпен белдеседі. Ал Эсмигүл Куюлова 63 келіге дейінгі салмақта жарысты бірден ширек финалдан бастайды. Оның қарсыласы Оңтүстік Корея өкілі Ким Джису болады. Негізгі бағдарлама 07:00-де басталып, финалдық кезең 13:00-де өтеді.

Таэквондодан Қазақстан атынан Станислав Ким өнер көрсетеді. 07:30-да ол пхумсэден жекелей турнирдің жартылай финалында бақ сынайды. Осылайша, қазақстандық спортшы таңертең-ақ шешуші кезеңге жолдама үшін күреседі.

Путинцева Азия ойындарының финалына шығуға таласады

Қазақстандық теннисшілердің жарысы күннің екінші жартысында жалғасады. Негізгі матч 11:00-де өтеді: Юлия Путинцева әйелдер арасындағы жекелей сында жартылай финалда қытайлық Чжан Шуаймен кездесіп, Азия ойындарының финалына шығуға таласады.

13:00-де Александр Шевченко ерлер арасындағы жекелей сында ширек финалда жапониялық Хаято Мацуокамен ойнайды.

Кейін кортқа қазақстандық жұптар шығады. 14:00-де Жібек Құламбаева мен Соня Жиенбаева Гонконг өкілдері Эудис Чонг және Вонг Хонг Имен кездеседі. 15:00-де Анна Данилина мен Юлия Путинцева қытайлық Цзян Синьюй / Ян Чжаосюань жұбына қарсы ойнайды.

16:00-де Анна Данилина мен Александр Шевченко аралас жұптық сында ширек финалда жапониялық Эна Сибахара / Джей Френд жұбымен кездеседі.

Қазақстандық спортшылардың күндегі бағдарламасын спорттық құзға өрмелеу аяқтайды. 16:08-де жылдамдық бойынша жарыстың ширек финалында Әмір Маймұратов пен Дамир Тоқтаров өнер көрсетеді. Кестеге сәйкес, бұл кезең 16:28-ге дейін жалғасады.

Осылайша, 1 қазанда Қазақстан құрамасының қоржынына бірнеше медаль қосу мүмкіндігі бар. Күрес пен дзюдодан өтетін белдесулерге, джиу-джитсу өкілдерінің жарысына, таэквондодан Станислав Кимнің жартылай финалына, Юлия Путинцеваның теннистегі матчы мен кешкі уақытта өтетін жылдамдық бойынша құзға өрмелеу жарыстарына ерекше назар аударылады.

Жарыс күні басталар алдында Қазақстан қоржынында 56 медаль болды: 9 алтын, 16 күміс және 31 қола. Ұлттық құрама 2026 жылғы Азия ойындарының жалпы медаль кестесінде тоғызыншы орында тұр.

1 қазандағы Азия ойындарының кестесі: қазақстандық спортшылар қашан өнер көрсетеді? – sport-hub