Дешам Франция құрамасының ӘЧ жартылай финалына шығуын бағалады

Бегасыл Амирбай ··
Фото: FFF

Фото: FFF

Франция құрамасының бас бапкері Дидье Дешам 2026 жылғы әлем чемпионатының ширек финалында Марокконы 2:0 есебімен жеңгеннен кейін өз пікірін білдірді.

Франция құрамасы қатарынан екінші әлем чемпионатында турнирдің жартылай финалына жолдама алды.

«Жеңіске жеткеніміз жақсы, бірақ матч оңай болған жоқ. Бүгін пенальтиді мүлт жібердік, бұдан бөлек тағы бірнеше жақсы мүмкіндікті пайдалана алмадық. Килиан Мбаппеге келсек, ешқандай мәселе жоқ. Ол алғашқы мүмкіндігін жүзеге асыра алмаса да, ешқашан өзіне деген сенімін жоғалтпайды.

Біз дәл өзіміз болғымыз келген жерде тұрмыз. Енді қалпымызға келіп, келесі қарсыласымыздың кім болатынын күтеміз. Қазір Францияда қуаныш пен эмоция көп деп ойлаймын. Ал біз мұнда өз әлемімізде өмір сүріп жатырмыз, әсіресе мен. Біз дәл осы мақсат үшін осындамыз. Сондықтан ойыншылар мүмкіндігінше алысырақ бару үшін бар күшін салуы керек. Біз өте мықты қарсыластан өттік», – деді Дешам ФИФА-ға берген сұхбатында.

Әлем чемпионатының жартылай финалында Франция құрамасы Испания – Бельгия жұбының жеңімпазымен кездеседі. Матч 11 шілде күні Қазақстан уақытымен 00:00-де басталады.

2026 жылғы әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатыр. Турнир 19 шілдеде мәресіне жетеді.

Дешам Франция құрамасының ӘЧ жартылай финалына шығуын бағалады – sport-hub