Дешам Францияның 2026 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалында Испаниядан жеңілу себебін атады

Фото: FFF
Франция құрамасының бас бапкері Дидье Дешам 2026 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалында Испаниядан (0:2) жеңілген матчқа қатысты пікір білдірді.
Франция құрамасы финалға шыға алмай, енді турнирдің қола жүлдесі үшін күреседі.
«Ойыншылар қатты күйзеліп отыр, өйткені біздің мақсатымыз жоғары болды. Бірақ мойындау керек, бүгін техникалық тұрғыдан біз өз деңгейімізден төмен ойнадық, ал қарсылас ойынды толық бақылауда ұстады.
Бұл – ең алдымен біздің өз кінәміз. Біз өз деңгейімізді көрсете алмадық және шабуылда жеткілікті қауіпті болмадық. Біз пастар кезінде бірнеше техникалық қателік жібердік, олар голдық сәттерге әкелуі мүмкін еді. Жоғары деңгейдегі футболдың шындығы осындай, бұл қаншалықты ауыр болса да», – деп Дешамның сөзін ФИФА келтіреді.
Енді Франция құрамасы үшінші орын үшін матчта Англия – Аргентина жартылай финалдық жұбының жеңілген командасымен кездеседі. Ойын 19 шілдеде Қазақстан уақытымен 02:00-де басталады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Франция құрамасы I тобынан бірінші орынмен шыққан болатын. Плей-офф кезеңінде команда Швецияны (3:0), Парагвайды (1:0) және Марокконы (2:0) жеңді. Турнирдің үздік бомбардирі – Франция құрамасының шабуылшысы әрі капитаны Килиан Мбаппе: жеті матчта сегіз гол соғып, үш нәтижелі пас берді.
2026 жылғы әлем чемпионатының финалы 20 шілдеде Қазақстан уақытымен 00:00-де өтеді.