Дешам Францияның әлем чемпионатының 1/8 финалына шығуына пікір білдірді

ФИФА
Франция құрамасының бас бапкері Дидье Дешам 2026 жылғы әлем чемпионатының 1/16 финалында Швецияны 3:0 есебімен жеңген ойынға қатысты пікірін айтты.
Сондай-ақ тәжірибелі маман келесі қарсылас – Парагвай құрамасы туралы да ойын бөлісті.
«Мен үлкен мақтаныш сезіміндемін. Біз өз мақсатымызға қарай жылжуды жалғастырып келеміз. Бізге дейін өткен 1/16 финал матчтарының көбі өте тартысты болды. Бізге оңай болды деп айта алмаймын, бірақ белгілі бір басымдыққа ие болдық. Дегенмен бірінші таймда мүмкіндіктерімізді бұдан да жақсы пайдалана алар едік.
Енді бізді тағы бір маңызды сынақ күтіп тұр. Ойыншылар дәл осындай кездесулер үшін осында жүр. Болашақты тым алға болжамаған жөн, әйтпесе жерге тез түсіп қалуың мүмкін.
Парагвай бұл кезеңге кездейсоқ жеткен жоқ. Бұл – мінезі мықты, оңтүстікамерикалық рухы бар әрі сапалы ойыншылары жеткілікті команда. Біз оларды мұқият талдаймыз. Бірақ алдымен осы жеңістің қуанышын екі күн бойы сезінгіміз келеді», – деді Дешам FIFA-ға берген сұхбатында.
Франция мен Парагвай арасындағы әлем чемпионатының 1/8 финалдық кездесуі 5 шілде күні Қазақстан уақытымен сағат 02:00-де басталады.
Айта кетейік, 2026 жылғы әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатыр. Турнир 19 шілдеде мәресіне жетеді.