Диас Жиренбаев Денис Тен мемориалында қысқа бағдарламада жетінші орын алды

ҚР ҰОК
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Диас Жиренбаев Алматыда өтіп жатқан Денис Тен мемориалы халықаралық турнирінің қысқа бағдарламасында жетінші орынға ие болды.
Қазақстандық спортшы өз өнері үшін төрешілерден 66,11 ұпай алды. Ерлер арасындағы жекелей сында барлығы 10 спортшы бақ сынап жатыр.
Қысқа бағдарламадан кейін бейтарап мәртебеде өнер көрсететін Владислав Дикиджи 107,31 ұпаймен көш бастап тұр. Екінші орында Глеб Лутфуллин (95,79 ұпай), ал үшінші сатыда Петр Гуменник (80,63 ұпай) келеді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер 10 қазанда өтетін еркін бағдарлама қорытындысы бойынша анықталады.
Айта кетейік, Денис Тен мемориалы 7-10 қазан аралығында Алматыдағы «Халық Арена» мұз айдынында өтуде. Турнир 2026/27 жылғы маусымдағы ISU Challenger Series сериясына кіреді.